«Отанға қызмет етуге арналған ғұмыр»: Рүстем Қайдаров туралы кітаптың тұсауы кесілді
Еңселі елордамыздың төрінде орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында генерал Рүстем Қайдаровтың өмір жолы мен қызметіне арналған кітаптың тұсауы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
«Отанға қызмет етуге арналған ғұмыр» жинағы ардагердің тағдырынан сыр шертеді. Қағазға түсірілген естелікті дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттауға еліміздің күштік құрылымдарының ардагерлері мен білікті мамандары жиналды. Сыйлы ардагердің ұлы Ербол Қайдаров салтанатты шараның қонағы болды.
Ғұмырын ішкі істер саласына арнаған генералдың еңбегі ерен. 2019 жылы ұшақ апатында көз жұмған Қайдаровты бұрынғы әріптестері де құрметпен еске алды.
Айтулы шараға аға буын өкілдерімен қатар «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері де ат салысты.
Антына адал, әскери борышына берік, кәсібилігі мен шеберлігі бір төбе болған Рүстем Қайдаровтан жастардың үйренері көп. Әділет генерал-майоры туралы кітап болашақ офицерлерге бағыт беріп, жол көрсетері хақ.