Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отаншылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Бисен Есенбаевтың өнегелі өмірі

Отаншылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Бисен Есенбаевтың өмірі туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Жеңіс жылнамасының әр бетінде ерлікке толы тағдырлар жазылған. Солардың бірі – Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Сартоғай ауылының учаскелік милиционері, кіші лейтенант Бисен Есенбаев. Оның есімі Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ел жадында қайта жаңғырып отыр. Соғыс даласына бармаса да, ел ішінде жауға қарсы күресіп, отаншылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен.

1946 жылы ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген Бисен Есенбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен үш бірдей медаль табысталды. Олар – "Ерлігі үшін", "1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін", және "1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медальдары. Бұл марапаттар екінің біріне бұйырмайды – ол тек маңдай терімен, қайсар әрекетімен ерекшеленген нағыз ерлердің ғана кеудесіне тағылады.

Бисен Есенбайұлы 1914 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1935 жылы Байғанин ауданындағы №9 ауылда колхоз хатшысы, кейін ауылдық кеңестің хатшысы қызметінен бастаған. Ал 1938 жылы құқық қорғау саласына бет бұрып, барлық сынақтан сүрінбей өтіп, милиция қызметіне қабылданады. Учаскелік жедел уәкіл, өрт инспекторы секілді түрлі лауазымдарды атқарып, табанды еңбек еткен.

Алайда оның шын мәніндегі ерлік жолы 1944 жылдың көктемінде басталды. Сол кезде Маңғыстау мен Сам бағытында неміс ұшақтары арнайы диверсанттар тобын түсіріп кеткен. Олардың бір бөлігі Байғанин ауданына өтіп, мұнай көздерін жоюды, халықты үрейге салуды көздеген. Қару асынған, әскери киім киген бұл жау күштері тауға тығылып, мал ұрлап, тіпті кісі өлтіруге дейін барған.

Осындай аласапыран шақта отыз жастағы учаскелік милиционер Бисен Есенбаев арнаулы операцияға қатысып, бес бірдей диверсантты қолға түсіріп, олардың тобырының көзін жоюға батыл атсалысқан. Қару асынып, ажалмен бетпе-бет келген бұл әрекеті оның қайсарлығын айқын көрсетті. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы бұл ерлік ескерусіз қалған жоқ. 1946 жылғы 20 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен ол "Ерлігі үшін" медалімен марапатталып, сол жылы тағы екі медаль иегері атанды.

25 жылдан астам уақыт ішкі істер саласында мінсіз қызмет атқарған Бисен Есенбаев 1954 жылы "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталды. Зейнетке милиция лейтенанты шенінде шығып, елден алыстамай, Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Елге сіңірген еңбегімен, қарапайым болмысымен көптің құрметіне бөленді.

Бисен Есенбайұлы 1999 жылдың көктемінде 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол артына абыройлы қызмет пен өшпес ерліктің ізін қалдырды. Оның есімі – ұрпаққа өнеге, ерлігі – елге мұра.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру