Отбасы күні: қызмет пен махаббат тоғысқан жол
Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – тек борыш пен тәртіп қана емес, сонымен бірге отбасы құндылықтарын нығайтатын үлкен мектеп. Әскери өмірдің сынақтары мен қуаныштарын қатар өткеріп жүрген жас офицерлер отбасы — Алибек пен Салтанаттың тарихы соның айғағы, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейіпкерлеріміздің сөзінше, әскери қызмет пен отбасы өмірі – екі түрлі әлем сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бір-бірін толықтырады.
Аға лейтенант Адилов Әлібек – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Қарақамыс ауылының тумасы. Лейтенант Адилова Салтанат – Астана қаласында дүниеге келген. Олардың таныстығы 2022 жылдың 11 желтоқсанында бастау алды. Екеуін табыстырған да қызмет болды. Екі жас Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Салтанат – 5573 психолог маманы, ал Әлібек– рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстаржөніндегі орынбасары болған.
Алғашында қарым-қатынастары тек ресми сипатта болды – жұмыс барысындағы кездесулер, жоспарлау, әңгімелер. Бірақ біртіндеп ресми қарым-қатынас жылы да жақын әңгімеге ұласып, қызметтік күндер тағдырлы кездесуге айналды. Бүгінде шаңырақ құрғандарына бір жылдан асқан.
Әскери қызмет отбасылық өмірге ерекше әсер етеді. Бірақ жас жұбайлар мұны қиындық емес, керісінше, отбасыны нығайтатын күш деп санайды.
— Қызмет бізге тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Берілген сөзде тұру, қиындықтарды еңсере білу – мұның бәрі отбасымызға да сіңді, — дейді Әлібек пен Салтанат.
Олар үшін отбасы – жай ғана жақын адамдар емес, нағыз тыл. Әскери отбасы үшін әрбір минут қымбат. Көп жағдайда ұзақ уақытқа бөлек жүруге тура келеді, сондықтан қысқа қоңырау немесе қарапайым хабарламаның өзі ерекше мәнге ие.
— Біз үшін бақыт дегеніміз – аз уақыт болса да бірге болу және әрбір сәтті бағалай білу, — дейді олар.
Әлібек пен Салтанат үшін Отбасы күні – бір-бірін қадірлеудің, сүйіспеншіліктің, сенім мен қолдаудың маңызын еске салатын мереке.
— Әсіресе әскери отбасы үшін бұл күннің орны бөлек. Өйткені әрбір әскери адамның артында берік тыл – отбасылық сүйіспеншілік пен сенім тұр, — дейді олар.
Жас отбасы болашақтан көп үміт күтеді. Олар үшін ең басты арман – жылуы мен шаттығы мол шаңырақ құру, бірге уақыт өткізу, балаларды мықты да мейірімді етіп тәрбиелеу.
— Біздің мақсатымыз – сенім мен сүйіспеншілікке толы отбасы болу. Ал кез келген сынақ бізді тек шыңдай түседі, — дейді олар.
Әлібек пен Салтанат басқа да жас отбасыларға жүрекжарды тілегін айтты.
— Махаббат пен қолдау – кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі. Қарапайым сәттердің өзінен таба білу керек. Ең бастысы – бір-біріне сенім арту, — дейді ұландық ерлі-зайыпты.
Алибек пен Салтанаттың тарихы – әскери қызмет пен отбасы шаттығы қатар жүре алатынының айқын дәлелі. Шынайы махаббат, сенім мен құрмет бар жерде отбасы – мызғымас тылға айналады.