Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелердің жұмысы туралы

Ішкі істер министрлігінің басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамда тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету. Оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі ерекше назарда.

Осы бағыттағы жұмысты күшейту мақсатында Ішкі істер министрінің бұйрығымен Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды.

– Аталған бөлімшеде барынша көбірек әйел қызметкерлер қызмет ететін болады. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жәбірленушілері, біздің сараптауымызға сәйкес, 80%-дан астамы әйелдер мен балалар. Әрине, әйелдер әйел қызметкерлерге қысылмай, болған оқиға туралы барлығын егжей-тегжейлі айта алады, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Ақмарал Серікбаева.

Бұл бөлімшелер зорлық-зомбылық құрбандарын қорғап, құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендірумен айналысады.

- Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасында жиі кездесетін проблемалардың жолын кесуге бағытталған бірқатар жаңа бағыттарды енгіздік, - деді Ақмарал Серікбаева.

Жаңа тәсіл дегеніміз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер айналысатын алты бағыт.

  • Ерте анықтап, жедел әрекет ету. Бұл зорлық-зомбылық фактілерін болдырмай, алдын алу бойынша күшейтілген жұмыс.
  • Құрбандар мен куәгерлерді қорғап, оларға толық көмек көрсету. Яғни, зорлық-зомбылық орын алған жағдайда полиция зардап шеккендерді барлық инстанцияда сүйемелдейді.
  • Қайталануы мүмкін зорлық-зомбылықты бағалап, агрессорларды қайта әлеуметтендіру. Бұл құқық бұзушыға мәжбүрлі түрде болса да, психологиялық көмек көрсетіп, оларды оңалту.
  • Халықты ақпараттандырып, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті насихаттау.
  • Аналитикалық жұмыс және ақпарат. Бұл жерде заңнамаға, деректерді біріктіретін цифрлық платформаларға назар аударылады.
  • Дағдарыс орталықтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту.

Биыл қаңтар айында 10 мың "дебошир" әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 2700-і қамауға алынды. Енді бұл бөлімше қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтумен қатар отбасы институтын қолдап, министрлікте жарияланған "профилактика жылы" аясында қызмет ететін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру