Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отырар ауданында бірнеше қылмыс ашылды

Отырар аудандық полицейлері бірнеше ұрлық қылмыстарын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, автокөлік жуу орнында бірге істейтін танысы 80 мың теңгелік ұялы телефоны және ішінде 25 мың теңге ақшасы мен құжаты бар әмиянын жасырын жымқырып кеткенін хабарлады. Тәртіп сақшыларының анықтауынша, күдікті жергілікті тұрғын болмағандықтан, баратын жері болмай, жәбірленушінің үйінде тұруға келіскен. Содан бір апта жәбірленушінің үйіне қонақ болған ер адам түнгі уақытта өзінің арам ойын іске асырып, қолына ілінгенін ұрлап кетіп, жасырынған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.

Полицейлер күдіктіні ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Нәтижесінде жедел уәкілдер ұрланған телефонды аудандағы асханалардың бірінен тапты. Сұрастыру барысында асхана иесі телефонды белгісіз біреу сатып кеткендігін айтқан. Куәгерлерден жауап алу барысында күдіктінің түр-тұлғасы жасалып, күдіктіні ұстау бағытындағы жұмыстар жалғасты. Соңында тәртіп сақшылары күдіктіні анықтады.

Тергеу барысында оның бұрын сотты болған Қызылорда облысының тұрғыны екенін және қазіргі таңда басқа да жасаған қылмысы үшін Қызылорда облысында қамауда екендігі айқындалды. Ол өз кінәсін толығымен мойындады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Одан бөлек, полицейлер Отырар ауданында ұрлық қылмысына байланысты тағы бір жайтты тіркеді. Бұл жолы жәбірленуші полицейлерге ауласында тұрған газ балонын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін хабарлаған. Аталған жайт АПБ-не ҚР ҚК 188-бабымен тіркелді.

Осы ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер барлық қажетті шараларды іске асырды. Бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп, сұрастыру барысында күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің көршісі болып шықты.

Тергеу барысында күдікті көршісінің үйінде ешкім жоқтығын пайдаланып, сыртта тұрған газ балонын ұрлап, оны қарындасының үйіне қолдануға апарып бергені анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мал-мүліктеріңізге, бағалы заттарыңызға, ақшаларыңызға абай болыңыздар деп ескертеді. Бағалы заттарыңызды көзге көрінетін жерлерде қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулаңызға бейнебақылау камераларын орнатыңыздар. Егер сіз, ұрлық жайтының куәгері немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру