Отырарлық полицейлер өмірден ерте озған полицейдің отбасына барды
Отырарлық полицейлер өмірден ерте озған полицейдің отбасына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өздеріңізге белгілі мерейлі мереке қарсаңында Түркістан облысының полицейлері игі істер атқарып, кейінгі жастарға үлгі көрсетуде. «Өлі риза болмай, тірі байымас» сөзін алға тартқан тәртіп сақшылары қызмет атқару барысында өмірден ерте кеткен қызметтес, әріптестерінің отбасыларына барып, жылы лебіздерін арнауды өздерінің дәстүрлі міндеттеріне айналдырған десек артық айтқандық емес.
Мәселен, Отырар АПБ-нің қызметкерлері 1995 жылы қылмысты ашып, қылмыскерлерді құрықтау кезінде қайтыс болған Қылмыстық істерді іздестіру бөлімшесінің бастығы болып абыройлы қызмет атқарған милиция майоры Дүйсен Нұрбековтың қара шаңырағына Тәуелсіздік күні арнайы ат басын бұрды. Аталған полицейдің отбасының отын өшірмей, артында қалған ұрпағын тәрбиелеп, өсіріп отырған аяулы жары Балтакүл Рүстемқызын мерекемен құттықтап, бағалы сыйлықтарын үлестірді.
Өз кезегінде жұбайының көзіндей болған полицейлерге риза болған ақ жаулықты ана олардың шынайы көңіліне, ниеттеріне алғысын білдірді. Осылай әрқашан ұмытпай келіп тұратындықтарына тәнті болып, жұмыстарына табыс тіледі.
Сондай-ақ сақшылар қызмет бабында қайтыс болған полицей Мұхтар Дәренбековтың ескерткіш тақтасына барып, құран бағыштап қайтты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.