Өз ісіне берік тергеуші
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Polisia.kz редакциясы ішкі істер органдарында адал қызмет атқарып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.
Ақиқат пен әділдікті ту еткен полиция подполковнигі Марат Самаров маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап, еңбек жолының көп бөлігін тергеу саласына арнаған.
Марат Самаров ҚР ІІМ Павлодар заң колледжін тәмамдап, Ақтоғай ауданында жауынгерлік қызметтік даярлық аға инспекторы қызметін атқарды. 2007 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының ұсынысымен тергеу бөліміне жұмысқа орналасты. Әр жылдары Қашыр аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу жөніндегі орынбасары, кейін Қашыр ауданында УҰИ бастығы, Павлодар қаласы ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары болды. Осы жылдың басында Павлодар ауданы полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Сол күннен бастап тыңғылықты жұмысы мен кәсіби деңгейінің арқасында ұжым арасында абыройлы, жұмыс іскерлігі биік, үлгілі дәрежеде қызмет атқарып келеді.
– Тергеуші мамандығы қашанда сауаттылық пен біліктілікті, төзімділікті талап етеді. Мектеп қабырғасынан ішкі істер органдарында қызмет ететінімді шештім. Сондықтан ешқашан өкінбеймін. Жұмыс болған соң, оның өз қиындықтары да болады. Сондай-ақ тергеуші өз жұмысында жағымсыз фактілерге жиі тап болады. Сол себепті эмоционалды тұрғыдан тұрақты, ұстамы биік қызметкер ғана төзе алады. Тергеуші заңды жақсы меңгеріп, қылмыстық-процестік заңнаманы жақсы біліп, сол талаптарды сақтауға міндетті. Бірінші жетекшім аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Қаныш Оспанов маған ерекше әсер етті. Әлі күнге дейін хабарласып отырамыз. Қашанда орынды кеңесін алып, үйренуден жалықпаймын. Алғашқы тергеу ісім де есімде. Ақтоғай ауданындағы екі эпизодты ұрлықты төрт күнде аяқтап, сотқа жолдадым. Ең алғашқы ашқан қылмыстық ісім болғандықтан, әлі күнге дейін есімде жақсы сақталған. Әлбетте, алғашында айыптылардың ісін тергеп, оларға қатысты шешім қабылдау өте қиын болады. Менің ойымша, кез келген тергеуші алғашында осындай күйді бастан кешеді. Сонымен қатар тергеуші жан-жақты болуы керек. Себебі тергеуші түрлі салалар бойынша қылмыстық істерді ашумен айналысады. Сол істерді ашуға оның әр сала бойынша білімі қажет болады. Түрлі саланың қыр-сырын жақсылап меңгеріп алған кезде ғана тергеуші күдіктімен қылмысты ашу бойынша оның деңгейінде жұмыс істей алады, – дейді өз ісінің қыр-сырын меңгерген маман.