Өз ойын жүзеге асыру мақсатында таксистке шаңышқы тыққан
Түркістанда такси жүргізушісіне тиісіп, көлігін айдап кеткен жолаушылар ұсталды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция бөлімшесіне такси жүргізушісі болып жұмыс жасайтын жергілікті тұрғын шағым түсірді. Жәбірленушінің айтуынша, таңғы сағат 07:15-терде белгісіз 2 азамат телефон арқылы такси керек деп шақырған соң, қабыл алып өзінің автокөлігімен барған. Көлікке отырған 2 жолаушының бірі мас халде болып, тиісіп және қалтасынан шанышқы шығарып, бетінен жарақат салды. Содан өзі көлігін тоқтатып, қашып шыққан. Ал, тиіскен мас жолаушы көлікті айдап кеткен. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қылмыстық кодекстің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді.
Қылмыскерлерді ізін суытпай ұстау мақсатымен тез арада оқиға орнына қалалық полицейлер жетті. Жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Куәгерлерден сұрастырды, жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Полицейлердің шұғыл әрекеті нәтижесінде 30 минут ішінде жол бойынан жәбірленушінің көлігі, одан ары күдіктілер ұсталды. Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілердің екеуі де жергілікті тұрғындар. Күдіктінің бірі қамауға алынды, екіншісі қолхатта. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға қашанда сақ болып жүріңіздер деп кеңес береді. Осындай жайттың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, жылдам полицейлерге хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде қылмыстың «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік береді.