Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өз пайдасы үшін тұрғынның қорасынан мал ұрлаған жігіт ұсталды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығын жасаған жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау ҚПБ-на жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғаны туралы арызданған. Оның айтуынша, түнгі сағат 03:00-дер шамасында белгісіз адам қорасынан үш бас қойын ұрлап кеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі – 100 мың теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Мал ұрлығын ашу мақсатында Кентау ҚПБ-нан аса тәжірибелі полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды, жедел уәкілдер учаскелік инспекторларымен бірге жақын маңдағы барлық жайылымдар мен шаруашылық аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, үй малын тасымалдайтын автокөліктерді мұқият тексеріп, барымташыларды іздестіру және ұстау бойынша басқа да іс-шараларды жүзеге асырды. Тәртіп сақшылары мал базарлардың барлығын аралап, тексеру барысында ұрланған қойларды сатып тұрған күдіктіні қолға түсірді. Оны бірден полиция бөліміне жеткізіп, жауап алды. Айғақты зат ретінде үш қой тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті жас жігіт өзінің қарыздарынан құтылудың оңай жолын іздеуге кіріскен. Содан тұрғынның ашық тұрған қорасынан ұсақ малдардың байлаулы тұрғанын көрген. Теріс пиғылын жүзеге асыру мақсатында өзінің басқаруындағы «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігін қора маңына жақындатып, өзіне ыңғайлы жерге қойып, қораға жасырын түрде енген. Үш бас қойды кезек-кезек алып шығып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-жайды мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз. Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз. Күн суытып, соғым уақытында ірі қаралар көптеп жоғалады, сол себепті алдағы мезгілдерді ескере отырып, төрт түлікке барынша сақ болыңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру