Өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар 120 солтүстікқазақстандықты алдап соққан
Өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар 120 солтүстікқазақстандықты алдап соққан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан интернет алаяқтардың алдауына өңірдің 400-ден аса тұрғыны түскен. Алданған солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі – әйелдер. Фактілер көрсетіп отырғандай, онлайн сауда жасау немесе интернет арқылы тауар сата отырып өз жиған қаражаттарынан айырылып жатады.
Алаяқтардың кең тараған платформа OLX болып табылады, жыл басынан қаскөйлер 141 солтүстікқазақстандықты алдап, олжаға кенелген. Облыстың 15 тұрғыны «Колеса» сайтынан қосалқы бөлшек сатып алмақ болып, алдаудың құрбанына айналған. 120 жағдайда алаяқтар азаматтарды банк қызметкерімін деп алдаған. Сондай-ақ цифрлық ресурстар арқылы жүк тасымалдау, жұмысқа орналасу, ұтыстар сынды жалған ұсыныстар келіп түседі.
– Цифрлық ресурстар қарқынды дамыған заманда түрлі заманауи технологиялармен байланысты қылмыстардың саны айтарлықтай өсті. Көбіне интернетте қосымшаны пайдаланатын азаматтар алдаудың құрбанына айналады. Сонымен қатар қылмыскерлер мобильді байланыс арқылы алдауды жалғастыруда. Соңғы жылдары түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуіне қарамастан, бүгінгі күні интернет алаяқтық – кең тараған қылмыс түрі, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
9-15 тамыз аралығында СҚО полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың жолын кесуге бағытталған «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында онлайн алаңы арқылы жасалған 24 қылмыс ашылды. Сондай-ақ апта бойында құқыққа қайшы контенті бар сайтқа 145 сілтеме анықталды.
Олар бойынша ақпарат бұғаттау үшін құзырлы органға жолданды. Барлығы жыл басынан СҚО жедел уәкілдері интернет кеңістікке мониторинг жүргізу барысында осындай 600-ге жуық сілтемені анықтады, оның қатарында жалған хабарландырулар бар.