«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!»: қарағандылық полиция қызметкерлері бейнеклип түсірді
Қарағандылық полиция қызметкерлері мерекеге орай бейнеклип түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасы, құқық қорғау органында мемлекеттік тілдің дамуымен насихатталуы жайында қысқа метражды бейнеүзік дайындады. Бейнеүзікте аталған басқарманың Полиция департаментінде тіл саласы бойынша атқарып жатқан жұмыстары, өзге де мекемелермен мемлекеттік тілде хат алмасу кезіндегі көзге аса көріне қоймайтын, десе де аса ұқыптылықпен ана тілге деген құрметті барынша сақтайтын мамандардың жұмысы бейнетаспаға түсірілген.
– Бүгінгі күнде басқарманың ішкі коммуникациялар тобында төрт қызметкер, ал облыс бойынша жергілікті жерлердегі аумақтық бөліністерде 12 маман қызмет атқарады. Іс қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түспей, стильдік жағынан қалыптаспай, мемлекеттік құжаттардың барлығы алдымен қазақ тілінде жүргізілмей, қазақ тілінің қолданыс аясы, қызмет қарымы өрісін кеңейте алмайды. Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асырылуының нақты көрсеткіші. Осы орайда тіліміздің тұғырын орнықтыру міндетін атқарып отырған Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы құқық қорғау органдарындағы мемлекеттік тілдің беделін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жолға қойылған, – дейді облыстық ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Жанатай Сембеков.
Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Полиция департаментінде ұйымдастырылатын мемлекеттік тілді оқыту курстары. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген өзге ұлт өкілдері де аз емес.
– Мен, 2017 жылдан бастап 2020 жыл аралығында мемлекеттік тілді оқыту курстарына қатысып, елеулі нәтижеге қол жеткіздім. Бүгінгі күнде іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізе аламын, қызметте және тұрмыста қажеттілігіне қарай қазақ тілін жиі қолдануға тырысамын, – дейді бейнеүзікте басты кейіпкердің бірі болған, Қарағанды қаласы полиция басқармасы жедел-криминалистикалық бөлімінің бастығы Денис Сафонов.
Айта кету керек, бейнеүзік баспасөз қызметінің күшімен түсіріліп, монтаждалды.
Бейнеүзік соңында барша тіл саласының мамандарын және Қазақстан халқын тілдер мерекесімен облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин құттықтап:
– Тіл мамандарының қызметі полиция департаментінің сан салалы қызметтерімен қатар алдыңғы шепте. Себебі, мемлекеттік тіл саясаты еліміздің ержүрек те, батыл полицейлерінің мызғымас парызы деп есептеймін. Мемлекеттің тұтастығын, ынтымағы мен қауіпсіздігін күзеткен тәртіп сақшыларының басты міндет-борышы ұлтымыздың тілін, дәстүрін, құндылықтарын қастерлеуден басталады. Мемлекеттік тілді дамыту, рухани жаңғыру – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Тіл мамандарын және барша Қазақстандықтарды Қазақтан Республикасы халқының тілдері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деп жылы лебізін білдірді.