Өзгенің несие картасымен есеп айырысқан елорда тұрғыны ұсталды
Астана қаласының полицейлері бөтен адамның несие картасын тауып алып, рұқсатсыз сауда жасаған қала тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы ПД Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 44 жастағы ер адамды анықтады.
Тергеу барысында ер адам қаланың оң жақ жағалауында көшеден басқа біреудің несие картасы мен телефонын тауып алғаны белгілі болды. Қаскүнем қылмыстық оймен жақын маңайдағы супермаркетке барып, 40 мың теңгеден астам сомаға сауда жасап, бөтеннің картасы арқылы есеп айырысқан. Сонымен қатар тауып алған телефонды кездейсоқ адамға сатып жіберген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталатын болады.
Астана қаласы полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына сақ болуды, сондай-ақ банктік картасы жоғалған немесе ұрланған жағдайда оны дереу бұғаттап, бірден банкке хабарласуды ұсынады.