Өзін «банк қызметкері» деп таныстырған алаяқ шымкенттікті алдап кетті
Өзін «банк қызметкері» деп таныстырған алаяқ шымкенттікті 600 мың теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, несиеңді жауып беремін деп әбден сендірген. Содан осы ісі үшін жәбірленушіден 600 000 теңге ақшасын алып алған. Одан кейін алаяқ жәбірленуші әйелге берген уәдесін орындамай, әбігерге салған. Аталған жайт Абай АПБ-да ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында Полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ПБ-ға жеткізді. Ол бұрын банк қызметкері болып жұмыс істеген жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.