Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өзіне қабір қазуға мәжбүрлеген: полиция қауіпті ҰҚТ-ны қалай ұстағаны жайлы айтты

Полиция қауіпті ҰҚТ-ны қалай ұстағаны жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Хамидулла-Өмірзақов” атты ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстанда 2019 жылдың басында пайда болған. Аталмыш топ неге солай аталады десеңіз, жауап қарапайым – Бағдат Хамидулла мен Жандос Өмірзақов атты ұйымдастырушылардың құрметіне.

Банданы құру үшін қылмыстық көшбасшылар физикалық тұрғыдан мықты, соттылығы бар әрі қылмыстық жауапкершіліктен қорықпайтын таныстарының басын қосқан. Осылайша, 16 адамнан құралған ұйым бірнеше жыл ішінде қарақшылық, тонау, бұзақылық, бопсалау және өзін-өзі басқарумен айналысқан.

Қылмыскерлер “іске” бос қолмен бармайтын: тінту кезінде пысықайлардан қару, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар тәркіленген.

Полицейлер бұзақылардың қылмыстық өмірінде орын алған кейбір эпизодтармен бөлісті.

Бір күні қылмыскерлерге Ш. және А. таныстары жүгініпті. Жігіттер Б. азаматшасынан қарызын алып беруді өтінсе керек. Айтуларынша, 27 жастағы борышкер олардан екі Toyota Camry көлігін сатып беру үшін алып, кейін ақшасын да, мүлкін де қайтармай қойған.

Төрт күннен кейін топ мүшелерінің бірі әйелді тұрғылықты мекенжайынан ұстап алған. Қылмыскерлер құрбанды 10 күн бойы Алматының бірқатар жалдамалы пәтерлерінде ұстап, ұрып-соққан, оның үстіне тапаншамен қорқытқан. Тіпті зират басына апарып, қабір қазуға мәжбүрлеген. Кейін сол жерге түсіріп, тізесін бүктіріп қойып, басының дәл қасынан оқ атқан. Нәтижесінде зиянкестер Hummer автомобилін және 3,4 млн теңгені иеленген.

Тағы бір жағдай 2020 жылы тіркелген. Маусым айында Тараз ҰҚТ мүшелері “Хамидулла-Өмірзақов” тобының бір қатысушысын ұрып-соққан. Соңғысы бұл туралы топ жетекшілеріне жеткізген. Қылмыстық ортада өз беделін көтеру үшін Бағдат Хамидулла мен Жандос Өмірзақов қарсыластарын жазалау туралы шешім қабылдайды.

Осылайша, түнде Тараз қаласында бандиттер қарсыластардың көлігінің орнын анықтайды. Алайда темір тұлпардың ішінде тараздықтардың өздері емес, таныстары болыпты. Соларға шабуыл жасап, тапаншамен қорқытып, басқа көлікпен Жамбыл облысының Ақыртөбе ауылына апарған. Тараздық ҰҚТ қатысушылары туралы сұрақтарға жауап ала алмай, олар құны 6 млн теңге тұратын BMW-645 көлігін алып кеткен.

Ведомство берген ақпарға сүйенсек, бүгінде қылмыстық топтың Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтарының 16 эпизоды тіркеліп отыр.

Жедел-іздестіру іс-шаралары 2020 жылдың маусымында бастау алған, нәтижесінде полиция қызметкерлері ҰҚТ қатысушыларының жеке басын анықтай алды. Тәртіп сақшылары 80-нен астам тінту жүргізген. Мамандардың айтуынша, жұмыс топтың қастық әдістерін жіті білуімен қиынға соқты.

– Ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияны ІІМ мен ҰҚК бірлесе отырып 2020 жылдың қарашасында жүргізе бастаған. 12 күдікті еліміздің бес өңірінде: Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ұсталды, – деп атап өтті ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Бақтияр Мұсабаев.

Ал қылмыстық топ жетекшілерінің қайда екендігі сәл кейінірек анықталды. Бағдат Хамидулланы полицейлер Дубайда анықтаған, экстрадициялық материалдар жіберілді. Ал екінші көшбасшы Жандос Өмірзақов 2021 жылдың қараша айында Алматыда ұсталды. ҰҚТ-ның тағы екі қатысушысы қазір халықаралық іздеуде.

Ұсталғандардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 262-бабы “Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу“, 126-бабы “Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру“, 191-бабы “Тонау, бөтеннің мүлкін ашық ұрлау“, 192-бабы 2-бөлігі “Қарақшылық шабуыл“, 194-бабы “Қорқытып алушылық“, 287-бабы “Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру“, 389-бабы “Озбырлық” бойынша сараланған.

2021 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Жауап қалдыру