Пәтер алып беремін: Кентауда алаяқ 5 миллион теңгеге тұрғындарды алдап кетті
Түркістан облысында полицейлер 2,5 миллион теңгеге пәтер алып беремін деген алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері, бірнеше алаяқтық жайттарын жасады деген күдікпен жігітті ұстады. Нақтырақ айтар болсақ, полиция бөліміне жергілікті екі тұрғын арызданып, алаяқ олардан ірі көлемде ақша алып, жоқ болып кеткенін жеткізген.
Мәселен, күдікті жігіт жәбірленушілердің біріне 2,5 миллион теңгеге пәтер сатып алуға көмектесуге уәде берсе, екіншісіне 140 мың теңгеге әлеуметтік көмек алу мәселесін шешіп беретінін айтқан.
Содан алаяққа әбден сенген азаматтар ақшаларын бергеннен кейін, оны таппай қалған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталып, ол қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Күдікті 3 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бар Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 4,5 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Тергеу аталмыш оқиғаның мән-жайы мен ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ алаяқтан зардап шексеңіз, бірден полицияның «102» телефонына хабарласыңыз деп ескертеді