Пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері жазаға тартылды
Атырауда пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері жазаға тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласының 31 жастағы тұрғыны өзі жұмыс жасаған құрылыс мекемесіне тиесілі қаладағы темір контейнер ішінен құрылыс заттарын ұрлаған. Күдікті ер адам құнды құрылыс материалдарының қайда сақталатынын алдын ала білген. Бұл әрекетін 31 және 32 жастағы екі танысымен бірге жүзеге асыруға бекініп, алдын ала жоспар құрастырған. Сөйтіп, үш адамнан тұратын қылмыстық топ құрады. Олар түнгі сағат 00:30-01:00 шамасында қойма есіктерінің құлыптарын бұзып, заңсыз кірген. Нәтижесінде, аса ірі мөлшерде, яғни 12 513 971 теңге мүліктік залал келтірген.
– Атыраулық полиция қызметкерлері тергеу барысында 32 жастағы азаматтың бұрын да сотты болғандығын анықтады. Ол 31 жастағы ер адаммен бірге құрылыс мекемесінен бөлек, бірнеше жекеменшік үйлер мен пәтерлерді тонаған. Қылмыстық құқықбұзушылық әрекеттерін жүзеге асыру үшін олар мал сататын базар қасында кездесіп, каналдар, көшелер бойымен жаяу жүріп, ұрлыққа түсуге ыңғайлы үйлерді іздейді екен. Үйдің жарықтары сөніп тұрса, терезесін ығыстырып ашу арқылы заңсыз кіріп қолма-қол ақша, құнды әжекей-бұйымдар, техника тағы да басқа құнды заттарды қолды етіп келген, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Мәселен, “Жерұйық” шағын ауданы көшесіндегі үйдің біріне (жарықтары сөніп тұрғанын көріп) сағат 19:30-21:30 шамасында терезесін ығыстырып ашып, жәбірленуші азаматшаға тиесілі құны 1 500 000 теңге тұратын италяндық маркадағы сырға, бес дана алтын жиынтықтар, үш дана алтын алқа, неке жүзігі, алтын кулондар, 40 000 теңге ақша қаражатын жасырын жымқырған.
Нәтижесінде, жәбірленушіге барлығы ірі мөлшердегі 2 690 000 теңге мүліктік залал келтірілген.Қазіргі уақытта сот үкімімен қылмыстық топ мүшелерінің біріне – алты жыл алты ай, қалған екеуіне – бес жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы кесілді.