Патрульдік машиналардағы бейнекамера 1000-нан аса заң бұзу дерегін анықтады
Петропавл полицейлері патрульдік машиналардағы бейнекамералардың көмегімен 1000-нан аса заң бұзу дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрлық технологияларды енгізу – полиция жұмысын одан әрі жетілдірудегі басымды қадам. Бұған мысал патрульдік полиция батальоны көліктерін сыртқы бақылау камераларымен жабдықтау. Бүгінгі таңда Петропавлда 14 көлікке төрт камерадан орнатылды. Олар 360 градусқа бұрылып, көліктің айналасын түсіреді. Бұл көліктерді патрульдік полицейлер «шағын жедел басқару орталығы» деп атайды екен, өйткені жұмысы Петропавл қ. ПБ Жедел басқару орталығына ұқсас, оның операторлары 410 стационарлық бейнекамера арқылы облыс орталығындағы құқықтық тәртіпті бақылап отырады.
– Жылжымалы бейнебақылау пункттеріне айналған көліктер, қаланың кез-келген жерінде бұзушылықты тіркеуге мүмкіндік береді, – дейді Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов. – Олардың көмегімен көлік құралдарының тоқтау және тұраққа қою ережелерінің бұзушылықтарын анықтау жеңілдеді. Аулаға кірген кезде камералар қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішу фактілерін бірден анықтай алады. Жаяу жүргіншілер жол беретін бұзушылықтарды анықтау да тиімдірек бола түсті.
Қажет болған жағдайда камералардың жұмысын джойстик арқылы қолмен басқаруға болады, жақындату мүмкіндігі де бар. Полицейлердің айтуынша, 500 метрдей қашықта 30 еселі оптикалық «зум» өте жақсы сапада көрсетеді екен. Камералар инфрақызыл диапозонда түсіріп, патрульдік автокөліктің бағытын бақылауға мүмкіндік беретін GPS-модулімен жабдықталған. Камералардың бірі салонның ішінде видео және аудио түсірілімді жүргізеді. Осылайша, мұндай бейне кешендер тағы бір маңызды қызмет атқарады, яғни патрульдік полиция жұмысында сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетеді.
Жыл басынан патрульдік автокөліктердегі бейнебақылау 1000-нан астам құқық бұзушылықты анықтауға септігін тигізді. Оның ішінде масаң күйде көлік басқарудың 144 фактісі, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 39 фактісі де бар. Сондай-ақ, камералар патрульдік полицейлерге жол қозғалысы саласына қатысы жоқ әкімшілік заңнаманың басқа да 311 бұзушылығын анықтауға көмектесті.