Патрульдік полицейлердің қызметтегі бір күні
Патрульдік полиция – кез келген шұғыл шақыртуға алғаш жауап беретін құрылым. Бұл қызметке жүктелген негізгі міндет – құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыскерлерді ұстау және қылмыстың ізін суытпай ашу. Олар туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Екібастұз қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторлары Ернұр Қабдуахит пен Ермұрат Қажығали өз жұмыстары жайлы былай деп әңгімеледі:
– Қызметке кіріспес бұрын, біз қару-жарақ пен арнайы құралдарды қабылдап аламыз. Одан кейін сапқа тұру рәсімі өтеді. Бұл кезде командир қызметкерлердің сыртқы келбетін, формасының дұрыстығын, қызметке дайындығын тексереді, нұсқаулықтар береді және бағыт-бағдармен таныстырады. Сағат 21:00-де біз өзімізге тиесілі учаскелерге аттанып, таңғы 09:00-ге дейін патрульдік қызмет атқарамыз, – дейді олар.
Қалада 377 патрульдік экипаж жол қозғалысы ережесінің орындалуын қадағалайды. Жүргізушілер арасында жиі кездесетін бұзушылықтар – көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, қарсы қозғалыс жолағына шығу және мас күйінде көлік тізгіндеу.
– Мұндай жағдайларда көлікті тоқтатамыз, құжаттарын тексеріп, әкімшілік хаттама толтырамыз. Қажет болған жағдайда жүргізушіні медициналық куәландыруға жіберіп, көлікті айып тұрағына қоямыз, – дейді инспектор.
Полиция қызметкерлерінің жұмысы – тек жол қозғалысын қадағалау емес. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау, мас күйдегі адамдармен жұмыс істеу, отбасылық жанжалдарды шешу, бұзақылық пен ұрлық сияқты қылмыстарға дереу әрекет етуге дайын болуы тиіс.
– Біз әрқашан радиобайланыс арқылы ақпарат алып отырамыз. Кенеттен төбелес немесе ұрлық туралы хабар түссе, дереу сол мекенжайға бет аламыз. Тәртіп сақшысы учаскедегі үйлердің, дүкендер мен кафелердің орналасуын жақсы білуі тиіс. Бұл – оқиға орнына қысқа уақытта жету үшін өте маңызды, – дейді полиция қызметкері.
Кезекшілік түнгі тыныштықты бұзған алғашқы қоңыраудан басталды. Көпқабатты үйдің кіреберісінде есінен танған ер адам табылды. Медициналық талдау оның орташа деңгейде мас болғанын көрсетті.
Бір сағаттан кейін келесі шақырту түсті. Бұл жолы көпқабатты үй ауласында әйел адам көмек сұрады. Сонымен қатар, бір ер адам кафе маңында патрульге жолығып, үйіне қайта алмай жүрген мас әйелді көрсетті. Екі әйел де медициналық айықтырғышқа жеткізіліп, тиісті куәландыру жүргізілді.
– Әсіресе, жаз мезгілінде түнгі уақытта қоңырау көп түседі. Ауа-райының ыстығынан терезелер ашық болады, ал тұрғындар кез келген шулы жағдайға шағымданады. Біз азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін қызмет атқарамыз. 23:00-ден кейін кәмелетке толмағандар ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүрсе, олар дереу бөлімшеге жеткізіліп, ювеналды полицияға тапсырылады. Алайда бұл жолы балалар ата-аналарымен бірге болды, сондықтан олармен алдын алу сипатындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді патрульдік топ.
Көп ұзамай тағы бір қоңырау келіп түсті. Бұқар Жырау көшесінде орналасқан жеке секторда тұрғындар үйлеріне кіре алмай қалған – себебі, көшеде бос жүрген ірі ит үркітіп тұрған. Экипаж оқиға орнына жетіп, жағдайды бақылауға алды. Ит иесі патруль көлігінің дыбысын естіп, сыртқа шықты. Онымен иттерді аулада ұстау туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полицейлердің көмегі қажет емес екеніне көз жеткізген соң, топ әрі қарай жолға шықты. Жол бойында олар жол ортасында тұрған жүргізушіні байқады. Көлігі бұзылып, қозғалтқышы тоқтап қалған екен. Патруль қызметкерлері оған еш ойланбастан көмектесіп, көлікті итеріп берді.
Бұл түнгі кезекшілік барысында экипаж 20-дан астам шақыртуға қызмет көрсетті.
Ернұр Қабдуахит – 27 жаста, 9 жылдық тәжірибесі бар. Ал Ермұрат Қажығали – 26 жаста, 7 жылдан бері қызметте. Екеуі де жоғары заңгерлік білім алған.
– Полиция қызметінде физикалық дайындық өте маңызды. Қарсы әрекет етуге тура келетін түрлі жағдайлар туындайды. Сондықтан өзіңді әрдайым жақсы формада ұстауға тырысасың, – дейді олар.