Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облыстық ПД-да "Заңға қызмет етеміз – Конституцияны түсіндіреміз" атты акция басталды

Павлодар облыстық полиция департаментінде "Заңға қызмет етеміз – Конституцияны түсіндіреміз" атты акция басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жас полиция қызметкерлерімен кездесуде ҚР ІІМ оқу орталығының оқытушылары конституциялық реформа мен "Заң және тәртіп" тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысын түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу барысында полицияға жаңадан қабылданған қызметкерлерге Қазақстан Конституциясының елдің Негізгі Заңы ретіндегі маңызы, конституциялық құқықтық сананың қалыптасуы, құқықтық мәдениетті арттыру жолдары туралы ақпарат берілді. Лекторлар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған "Заң және тәртіп" тұжырымдамасына ерекше тоқталды.

– Полиция қызметі – құқықтық мемлекетті нығайтудың, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің әрі азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды бөлігі. Азаматтар заңға қайшы әрекетке тап болғанда ең алдымен полицияға жүгінеді. Сол сәтте заңның үстемдігін сақтау мен құқықтарды қорғау – біздің басты міндетіміз, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті өкілдері.

Сондай-ақ шарада қазіргі әлемде демократиялық құндылықтарды нығайту мен конституциялық құқықтар мен бостандықтардың сақталуына кепілдік берудің маңызы айтылды. Қазақстан Конституциясы 30 жыл бойы мемлекеттік тұрақтылық пен дамудың негізі болып келеді. Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар мен конституциялық өзгерістер құқықтық жүйені жетілдіруге және заң алдындағы әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғаны да сөз болды.

– Заңды сақтау әрқайсымыздан басталады! Жауапкершілік танытып, өз құқықтары мен міндеттерін білу – әр азаматтың парызы. Қазақстанның болашағы тек заңдардың сапасына ғана емес, олардың құндылығын халық қаншалықты түсініп, күнделікті өмірде тиімді қолдана алуына да байланысты, – деді ведомство өкілдері.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде жас полицейлер нақты өмірлік жағдайларды талқылап, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Оларға тәлімгер аға буын әріптестері де ашық әрі қолжетімді түрде жауап берді.

Жас тәртіп сақшылары мазмұнды дәріс үшін алғыстарын білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жас қызметкерлердің құқықтық санасын қалыптастыруға, белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға және қазақстандық заңнама нормаларын құрметтеуге ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру