Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жедел кеңес өтті
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде өткен қорытынды жедел-қызметтік кеңеске департаменттің жеке құрамы, бағынысты мекемелердің басшылары және пробация қызметін басқару бөлімінің өкілдері қатысты. Жиынды департамент бастығының орынбасарлары Дәулет Искаков пен Мақсат Шохаманов жетекшілік етті.
Жиын барысында 2024 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер белгіленді, әрбір бағыттағы жетістіктер атап өтіліп, жіберілген кемшіліктер мен олқылықтар талқыланды.
Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмау, мекемелерге тыйым салынған заттардың енуіне жол бермеу және пробация қызметінде есепте тұрған сотталушылар тарапынан қайталанатын қылмыстардың алдын алу шаралары туралы жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Дәулет Искаков қызметкерлердің заң талаптарын сақтауына және кадрлық құрамды нығайтуға ерекше назар аударды.