Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да Қазақстан халқының бірлігі күні кең ауқымда аталып өтті
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да Қазақстан халқының бірлігі күні кең ауқымда аталып өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №44 мекемесінде достық пен татулықты ұлықтаған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздегі көпэтносты қоғамның бай мәдениетін дәріптеген бұл шара жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Іс-шара барысында Қазақстанда мекендейтін түрлі этностардың ұлттық тағамдары ұсынылған тақырыптық дастархандар жайылды. №63, 44, 45, 46, 47 түзету мекемелерінің және Павлодар қаласының пробация қызметінің өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, мерекенің көркін аша түсті. Олар өз ұлттарының дәстүрін паш етіп, мәдени ерекшеліктерімен бөлісті. Бұл – еліміздегі этностар арасындағы татулық пен өзара сыйластықтың көрінісі.
Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен келісімнің, достық пен толеранттылықтың мерекесі. Мұндай іс-шаралар ұжым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтып қана қоймай, этносаралық татулық пен мәдениетаралық байланысты тереңдетуге жол ашады.
Аталған мереке – барша қазақстандықтардың жүрегінде ынтымақ пен бейбітшілікті бекемдеуге бағытталған ерекше күн. Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті алдағы уақытта да осы рухтағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп, елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға өз үлесін қоса бермек.