Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ағаш өңдеу жобасы іске қосылды

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД №45 мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамтып, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық жоба жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесінің №45 мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамту және жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық жоба табысты жүзеге асырылуда.

Аталған мекеме аумағында қызмет атқаратын "7-СнАП сервис" жеке кәсіпкерлігі мен Павлодар қаласында ағаш өңдеу саласына маманданған жергілікті зауыт арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келісім аясында табиғи ағаш шикізатын өңдеу және қайта өңдеу бағытында бірлескен өндірістік жұмыстар ұйымдастырылды.

Өндірістік үдеріс экологиялық тұрғыдан таза, сапалы табиғи ағаш материалдарын жергілікті зауыттың жеткізуі арқылы жолға қойылған. Бұл шикізат №45 мекемеде орналасқан "7-СнАП сервис» кәсіпорнының өндірістік базасында қайта өңделеді. Мұндай тәсіл логистикалық үдерістерді оңтайландырып, өндірістің үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Жоба шеңберінде 38 сотталған тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып, ресми түрде еңбек етуге, практикалық кәсіби дағдыларды меңгеруге және жалақы алуға мүмкіндік алды. Өндірістік қызметке қатысу еңбекке жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, кәсіби біліктілікті арттыруға, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейінгі әлеуметтік бейімделуге оң ықпал етеді.

Аталған бастамалар қылмыстық-атқару жүйесінің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Олар сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге, қайталама қылмыстың алдын алуға және жергілікті кәсіпорындармен тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру