Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ашық есік күні өтті
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ашық есік күні өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесінің №45-ші мекемесінде сотталғандардың жақын туыстарымен байланысын нығайту және олардың қайта әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында ашық есік күні өткізілді.
Іс-шара мекеме әкімшілігінің ұйымдастыруымен барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өтті. Бұл күні сотталғандар туыстарымен және жақындарымен бейресми жағдайда кездесу мүмкіндігіне ие болды. Кездесулер арнайы дайындалған аймақтарда өтті, мұнда жайлы қарым-қатынас жасау үшін барлық жағдай жасалған.
— Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты — сотталғандардың қоғаммен әлеуметтік пайдалы байланысын сақтау. Отбасы қолдауы – адамның түзелуіне және заңға бағынатын өмірге оралуына ықпал ететін маңызды фактор, — деді мекеме бастығы.
Туыстар сотталғандардың ұсталатын жағдайларымен, олардың қатысып жатқан оқу және еңбек бағдарламаларымен танысты. Сондай-ақ олар мекеме әкімшілігінің өкілдерімен және психологтармен әңгімелесіп, жақындарын әрі қарай қолдау жөнінде кеңестер алды.
Мұндай іс-шаралар ҚАЖ мекемелерінде тұрақты түрде өткізіліп тұрады және сотталғандардың заңға бағынатын мінез-құлыққа ынталануына, бостандыққа шыққаннан кейін әлеуметтік бейімделуге ұмтылуына ықпал етеді.