Павлодар облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері Донор күніне орай қан тапсырды
14 маусым – Дүниежүзілік донор күні. Осыған орай Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері қан тапсыру акциясына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Игі бастамаға облыстағы №63, 44, 46 мекемелерінің және Павлодар қаласының пробация қызметінің қызметкерлері қосылды. Донорлық шара Павлодар облыстық қан орталығында өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қан банкін толықтырумен қатар, қоғам назарын донорлықтың маңыздылығы мен адамгершілік мәніне аудару болды. Мұндай акциялар адам өмірін құтқаруға септігін тигізіп, жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі болып табылады.
— Донор болу – әрқайсымыз үшін біреудің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік. Бүгін біз қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері қызметтік міндеттерінен бөлек, әлеуметтік бастамаларға белсене қатысатынын көрсеттік, – деді акцияға қатысушылардың бірі.
Медициналық мамандардың айтуынша, барлық қатысушы алдын ала тексеруден өтті.
Мұндай шаралар ҚАЖ жүйесінде игі дәстүрге айналып, алдағы уақытта да жалғасын таппақ.