Павлодар облысы ПД басшылығы ІІО ардагерін мерейтойымен құттықтады
Павлодар облысы ПД басшылығы ІІО ардагерін мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің басшылығы ішкі қызметтің отставкадағы полковнигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері Ертоғай Әбікеевті 75 жасқа толған мерейтойымен салтанатты түрде құттықтады.
Ардагер 26 жылдан астам уақытын Павлодар облысының ішкі істер органдарында табанды еңбекпен өткізген. Оның 16 жылы – тергеу саласына арналды. Қарапайым милиция қызметкерлігінен бастап, ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, үлкен абырой-беделге ие болды.
Ертоғай Әбікеевтің қызметтік жолындағы жетістіктері ҚР ІІМ мен министрлік басшылығы тарапынан бірнеше мәрте жоғары бағаланды. Ол "Мінсіз қызметі үшін" медалінің барлық үш дәрежесімен, ІІБ Құрмет грамоталарымен, "Милиция үздігі" және «"ІІМ-дегі үздік қызметі үшін" төсбелгілерімен марапатталған.
1998 жылдың ақпанында ардагер зейнет демалысына шықса да, тыныштықты таңдаған жоқ. Қарымды қаламы мен сарқылмас тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, күрделі істер жайында ақыл-кеңесін беріп келеді. Өзінің кәсіби жолындағы естеліктерімен бөлісу арқылы жастарды тергеу ісіне баулып, шынайы тәртіп сақшысы қандай болу керектігін үлгі етеді.
Ертоғай Мауияұлы – отбасында да өнегелі әке. Екі ұл мен төрт қызды тәрбиелеп, елге сыйлы азаматтар мен азаматшалар етіп өсірді. Немересі Дамир Ертоғаев атасының жолын қуып, Павлодар қаласы полиция басқармасына қарасты орталық бөлімде тергеуші болып қызмет еткен, кейіннен полиция департаменті тергеу басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімін басқарды. Қазіргі таңда прокуратура саласында абыройлы еңбек етуде.
Ардагерді салтанатты түрде құттықтауға полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов пен Ардагерлер кеңесі мен Ұлттық ұланның төрағасы Бақберді Абраев арнайы келіп, ақ тілектерін арнады.
– Жоғары кәсіби біліктілік, табандылық, жан жомарттығы мен еңбекқорлық – сізді даралап тұратын, құрметке лайық қасиеттер. Қызметтік міндеттерді әрдайым жауапкершілікпен атқарып, өз ісінің майталманы әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы ретінде танылдыңыз, – деді Сафуан Жампейсов.
– Сіздің принципшілдігіңіз бен талапшылдығыңыз, өз көзқарасыңызды батыл қорғай білуіңіз – әріптестеріңіздің жадында сақтаулы. Тергеу саласындағы бай тәжірибеңіз бүгінгі жас тергеушілерге үлгі бола береді, – деді өз құттықтауында Бақберді Абраев.
Мерейтой иесіне арнайы құттықтау хаты мен бағалы сыйлық табысталып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы және сарқылмас күш-жігер тіледі.
Өз кезегінде Ертоғай Мауияұлы полиция қызметкерлеріне көрсеткен құрмет пен қамқорлық үшін шынайы алғысын білдіріп, тәртіп сақшыларына абыройлы қызмет пен ішкі істер органдарының даңқты дәстүрлерін сақтау жолында табыс тіледі.