Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы ПД басшылығы жергілікті тұрғындармен есептік кездесу өткізді

Павлодар облысы ПД басшылығы жергілікті тұрғындармен есептік кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Болат Нұрсейітов жергілікті тұрғындармен есептік кездесу өткізді.

"Самғау" балалар шығармашылығы орталығында өткен шараға әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері: зейнеткерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері, еріктілер, құқық қорғаушылар және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Болат Нұрсейітов 2024 жылдың және биылғы жылдың өтіп кеткен кезеңінің қорытындылары бойынша облыс және Екібастұз қаласы аумағында атқарылған полиция жұмысы туралы баяндама жасады.

Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2025 жылды "Профилактика" жылы деп жариялағанын атап өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою.

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға бағытталған жүйелі заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар қабылдап отырғанын айтты.

– Қызметіміздің негізгі басым бағыттарының бірі – тұрмыстық қылмыстың алдын алу. Өткен жылы құқық бұзушыларға қатысты мыңнан астам ерекше талап қойылып, 406 отбасылық жанжал шығарушыға қорғану ұйғарымдары берілді. Бұл ұйғарымдарды бұзғаны үшін 244 азамат жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Болат Нұрсейітов мал ұрлығы мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, былтыр 23 мал ұрлығы тіркеліп, төрт қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген. Биылғы жылы да 11 ұрлық және екі қылмыстық топ әшкереленіп, иелеріне 890 бас мал қайтарылған. Сонымен қатар жайылым ережелерін бұзғаны үшін 1500-ден астам азамат әкімшілік жауапқа тартылған.

Есірткі қылмысының алдын алу – полиция қызметінің тағы бір маңызды бағыты. 2024 жылы 256 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелсе, оның 111-і өткізу деректері болған. Заңсыз айналымнан 461 келі есірткі тәркіленген. Биылғы жылдың басынан бері тәркіленген есірткі мөлшері 116 келіні құраған. Есірткімен айналысқан төрт қылмыстық топтың жолы кесіліп, марихуана өсіріп, синтетикалық заттар өндірген төрт жасырын зертхана анықталған. 76 есірткі таратушы ұсталған.

Сондай-ақ өңірде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл өзекті мәселе болып қала беруде. Заманауи "ARGUS" және "IRIS" бағдарламалық кешендерінің көмегімен биылғы және өткен жылы 600-ден астам алаяқтық дерегі анықталып, 24 алаяқ пен екі қылмыстық топ қолға түскен. Олар 554 эпизод жасаған. "Анти-Фрод орталығы" платформасының арқасында қылмыстық әрекетке қатысы бар мыңнан астам банк шоты бұғатталған.

– Заң – баршаға ортақ, оны әрбір азамат пен ұйым мүлтіксіз орындауға тиіс. Біз қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыруға бағытталған тұжырымдаманы басшылыққа алып жұмыс істеп келеміз, – деді Болат Нұрсейітов.

Кездесу соңында ол өңір тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымдары мен диалогқа қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Жеке мәселелерімен жүгінген азаматтарды жеке қабылдап, мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Бірқатар өтініштер бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тікелей өзінің бақылауына алынатынын жеткізді.

Кездесу соңында полицияның қоғамдық көмекшілері алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталып, қылмыстардың ашылуына және хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеуге үлес қосқан тұрғындарға алғыс айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру