Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы ПД бастығы өңір тұрғындарымен кездесті

Павлодар облысы ПД бастығы өңір тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының тұрғындарымен онлайн форматта өткен кездесуде аймақтың полиция департаментінің бастығы Василий Скляр өңірдің құқықтық тәртібі мен қауіпсіздік жағдайына қатысты баяндама жасады. ZOOM платформасында ұйымдастырылған бұл жиынға түрлі сала өкілдері – зейнеткерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, еріктілер, құқық қорғаушылар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысты.

Ведомство басшысы аймақтың ішкі істер органдарының 2024 жылғы жұмысы мен биылғы екі айдағы криминогендік жағдай жөнінде баяндады.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірдегі жедел ахуал тұрақты. Қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, кісі өлтіру, ауыр дене жарақаты, қарақшылық, мал ұрлығы мен жалпы ұрлық оқиғаларының саны азайды. Қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтар да төмендеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Заң және тәртіп" қағидаты аясында жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде көшеде жасалған қылмыстар, тонау, бұзақылық оқиғалары да азайған, – деді ол.

Құқық қорғау органдары ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға ерекше көңіл бөлуде. Соның ішінде интернет-алаяқтық мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Өткен жылы осындай 406 қылмыс тіркелген. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі барлық өңірлерде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармаларын құрды. Павлодар облысында бұл бөлім заманауи "ARGUS" және "IRIS" жүйелері арқылы жұмыс істейді. Осы технологиялардың көмегімен 842 қылмыс ашылып, 295 алаяқтық фактісі әшкереленді. Сондай-ақ 296 қылмыскер мен хабар-ошарсыз кеткен адамдар анықталды. Полиция 400-ден астам қылмыстық әрекет жасаған 20 алаяқты және бір қылмыстық топты ұстады. "Фродқа қарсы орталық" платформасы арқылы алаяқтардың 452 банктік шоты бұғатталды.

– Өкінішке орай, алаяқтардың әдістері күн санап жетіліп келеді, ал азаматтар олардың айла-амалдарына түсіп жатады. Сондықтан баршаңызды қырағылық танытуға және сақ болуға шақырамын! – деп ескертті Василий Скляр.

Полиция 256 есірткі қылмысын анықтап, заңсыз айналымнан 461 кг есірткі затын тәркіледі. Аймақта есірткі өндірісімен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, марихуана өсірілген және синтетикалық есірткі өндірілген үш жасырын зертхана әшкереленді. 2025 жылдың алғашқы айларында 57 кг есірткі тәркіленген.

– Қоғамдық қауіпсіздік тек полицияның ғана міндеті емес. Бұл мәселеде белсенді азаматтардың да рөлі зор. Біздің өңірде мыңнан астам белсенді тұрғын қылмыспен күреске өз үлестерін қосып келеді. Олардың көмегімен 76 қылмыс ашылып, 1000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деді полиция бастығы.

Ішкі істер министрлігі 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялады. Осыған орай Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды. Бұл бөлімшелер жедел әрекет ету, қайталанатын оқиғалардың алдын алу және құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетуге бағытталған.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынған. Мектептер мен колледждерге полиция қызметкерлері бекітіліп, олар оқушылар мен педагогтар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Буллингке қарсы күрес мақсатында ювеналды полиция 88 бейресми көшбасшы мен қоғамға жат бағыттағы 19 топты анықтап, олармен қайта тәрбиелеу жұмыстарын бастады. Барлық білім беру мекемелеріне бейнебақылау жүйелері орнатылып, олар Павлодар полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылған.

Өкінішке орай, облыстағы жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Негізгі себептер – жүргізушілердің көлік тәртібін сақтамауы және жаяу жүргіншілердің жол ережелерін елемеуі. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 130 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірде "RedSpeed", "Интегра", "Автоураган", "Оракул", "Кибер-Шериф", "ZEREK", "Ekin патруль" сияқты 97 автоматты жүйе жұмыс істеп, олардың көмегімен 70 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын айтты. Василий Скляр аймақ тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымдары мен диалогқа қатысқаны үшін алғыс білдірді.

– Сіздердің әрбір сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңыз назарға алынды. Құзыретімізге кіретін мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, кейбір өтініштер бойынша қызмет басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын жеке бақылауыма аламын, – деді облыстық полиция ведомствосының басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру