Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы ПД-да жас қызметкерлер ардагермен кездесті

Павлодар облысының полиция департаментінде жас қызметкерлердің Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Ерғанат Дүйсекеновпен кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу және халыққа адал қызмет етуге ынталандыру болды.

Ерғанат Жұмашұлы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1974 жылы бастап, лейтенант шенінен полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Ол он жылдан астам уақыт бойы МАИ жұмысын басқарды, 1994 жылы Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалды. Кейін Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік-тергеу комитеті басқармасы бастығының орынбасары, Павлодар қаласының Оңтүстік полиция басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2003 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ училищесінің бастығы болып тағайындалды.

Әңгіме барысында ардагер әріптестерімен өзінің қызметтік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, полицейлердің жұмыста қандай мәселелерге ерекше назар аудару қажет екеніне тоқталды. Сондай-ақ қылмыспен күрес, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында атқарылған жұмыстарды еске алды. Жылдам шешім қабылдауды, жағдайды дұрыс бағалауды талап еткен өткір сәттер туралы айтып, кәсіби дайындықтың маңызын ерекше атап өтті.

Кездесудің маңызды бөлігі қызметкерлердің қызмет атқару кезіндегі жеке қауіпсіздігіне арналды. Ерғанат Жұмашұлы қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау қажеттігін баса айтып, кәсіби борыш, ар-намыс, еңбексүйгіштік пен абырой – құқық қорғаушының қызмет жолындағы басты моральдық құндылықтар екенін жеткізді.

Кездесу соңында ол жас қызметкерлерге аға буын қалыптастырған дәстүрлерді лайықты жалғастыруды, әрқашан ел мүддесін бәрінен биік қойып, азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауда табысты болуды тіледі. Сондай-ақ әр полицейдің абыроймен қызмет атқаруы, заңдылықты қорғаудағы адалдығы мен ортақ іске берілгендігі – бүкіл полиция қызметінің басты негізі екенін еске салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру