Павлодар облысы ПД-ның кинологиялық орталығында 20-дан астам қызметтік ит бар
Павлодар облысы ПД-ның кинологиялық орталығында 20-дан астам қызметтік ит бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстарды ашудағы күнделікті жетістіктер тек полицейлердің емес, олардың төрт аяқты адал серіктерінің де қажырлы еңбегінің жемісі. Павлодар облысы полиция департаментінің кинологиялық орталығында түрлі тұқымдағы 20-дан астам қызметтік ит бар. Неміс және бельгиялық шопандар, сондай-ақ полиция қызметінде өзін үздік танытқан лабрадорлар – олардың қатарында.
Иттердің күн тәртібі мұқият жоспарланған: әр таң ветеринарлық тексеруден басталады, содан кейін профильдік жаттығулар өткізіледі. Жыл басынан бері олардың көмегімен 235 қылмыс, оның ішінде 78 есірткі қылмысы ашылған.
– Қызметтік иттер тәулік бойы кезекшілікке шығады. Олардың шеберлігі мен иіс сезу қабілеті күрделі қылмыстарды ашуда баға жетпес көмек, – дейді Павлодар облысы ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиев.
Кинологтар мен иттердің кәсіби дайындығын дәлелдейтін мысалдар жетерлік. Мәселен, Екібастұздағы кафелердің бірінде есірткі сақтауы мүмкін деген күдікпен хабарлама түседі. Оқиға орнына жеткен полицейлер «Буран» атты қызметтік итті пайдаланып, күдіктіден сұр-жасыл заты бар бума табады.
– Буран – есірткі іздеуге маманданған ит. Оның иіс сезу қабілеті феноменалды. Ақылдылығы мен байсалдылығы оны кез келген иттен ерекшелендіреді. Ол адамның назары мен мейірімін ерекше бағалайды. Сол себепті оның жанында өткізген қосымша уақыт – оның еңбегіне деген ең жақсы алғыс, – дейді Нияз Валиев.
Күндізгі қызметтен кейін иттер өз вольерлеріне оралады. Алайда таң ата иелерімен қайта кездесуді асыға күтеді. Жылдар бойы ит пен кинолог арасында нағыз достық байланыс қалыптасады. Ит өз иесін ым-ишарадан таниды, ал кинолог оның жүріс-тұрысы мен көзқарасынан көп нәрсені түсінеді.
Иттердің адалдығы мен батылдығы, ерекше иіс сезу қабілеті ең күрделі қылмыстарды ашуда таптырмас құрал. Біздің төрт аяқты серіктестеріміздің көмегімен құқық қорғау органдары қылмыскерлерді жауапқа тартып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Бұл тандем – ең сенімді әрі табысты серіктестік!