Павлодар облысы ПД қызметкері күштік құрылымдар арасындағы шахматтан үздік атанды
Павлодар облысы ПД қызметкері күштік құрылымдар арасындағы шахматтан үздік атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодардағы Шахмат үйінде Senat Open – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Кубогының 1/8 финалдық кезеңі өтті. Сайысқа күштік құрылымдардан 87 қатысушыдан құралған 9 команда қатысты.
– Шахмат стратегиялық ойлауды, сабырлылықты және жедел шешім қабылдау қабілетін дамытады. Бұл қасиеттер спортта да, қызметте де аса маңызды. Сонымен қатар, "Senat Open" республикалық бастамасы түрлі құрылым қызметкерлерін біріктіріп, зияткерлік спортты кеңінен насихаттауға ықпал етеді, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орумбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар облысы полиция департаментінің командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Жеке біріншілікте қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Арман Аубакиров жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сенаты Кубогының 1/4 финалдық кезеңіне Нұрлан Аубакиров, Дамир Тайлаков, Асымжан Салауат және гроссмейстер Арман Аубакиров жолдама алды.
– Қарсыластар осал болған жоқ, тартыс жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, жинақылық пен нәтижеге деген ұмтылыс жеңіске жетуге мүмкіндік берді, – деді Арман Аубакиров.
Департамент басшылығы қызметкерлердің жоғары спорттық жетістіктерін қолдайтынын атап өтті. Бұл жетістіктер салауатты өмір салтын насихаттауға және полиция қызметкерлерін кәсіби әрі тұлғалық тұрғыда дамытуға серпін береді.
