Павлодар облысында 500-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Павлодар облысында 500-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында өтіп жатқан "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде.
Іс-шараның алғашқы күндерінде шамамен 500 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 183 тұрғын тіркеусіз немесе жеке куәлігінсіз тұрғаны үшін жауапқа тартылды. 102 азамат қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін ұсталды. Сонымен қатар 24 ұсақ бұзақылық, 7 мас күйінде көлік басқару және 4 қарсы жолаққа шығу дерегі тіркелді.
Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 160-тан астам адам бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.
Полицейлердің айтуынша, іс-шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда, себебі жол ережесін бұзу — құқықбұзушылықтардың басым бөлігін құрап отыр.
– Мысалы Екібастұз қаласында М. Әуезов көшесінде Toyota Camry көлігініғ жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Қазір ол өз әрекеттеріне заң алдында жауап береді. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сотқа жолданды, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.
Қылмыспен күресті күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы 2025 жылғы 23 қазанға дейін жалғасады.