Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында 76 қылмыс қоғамдық құрылымдардың қатысуымен тоқтатылды

Павлодар облысында 76 қылмыс қоғамдық құрылымдардың қатысуымен тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық бұзушылықтың алдын алу – бұл қылмысты ескерту, алдын алу және оның жолын кесу. Бұл маңызды бағытта құқықтық тәртіп сақшыларына қоғамдық құрылымдардың құқық қорғау қызметіне тартылған өкілдері айтарлықтай қолдау көрсетеді. Павлодар облысында осындай 794 азамат полициямен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Бұл азаматтар полиция қызметкерлерімен бірге есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға атсалысады. Нәтижесінде 2024 жылы сенімді тандемнің арқасында 1,5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық пен 76 қылмыстың жолы кесілді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық көмекшілерді ынталандыру мақсатында 517 азаматқа бюджеттен бөлінген 8 миллион теңгеден астам сыйақы берілген.

Полицияның қоғамдық көмекшілерінің бірі Жеңісбек Әбуов:

– Мен полицияға жүрегімнің қалауымен көмектесемін. Қоғамдағы өз рөлімді сезініп, құқықтық тәртіпті қорғауға үлес қосу және жинаған тәжірибемді жаңа мүшелермен бөлісу мен үшін үлкен мәртебе. Әдетте, кезекшіліктер тыныш өтеді, өйткені көшеде біздің бар екенімізді көрген азаматтар өзін дұрыс ұстауға тырысады. Туған қаламызда тәртіп орнатуға көмектесуді әрбір адам өз міндеті ретінде қабылдаса, тәртіп бұзушылар саны әлдеқайда азаяр еді. Мысалы егер көшеде масаң күйде жатқан азаматты байқасақ, оған айықтырғышқа жеткізу үшін көлік шақырамыз, – дейді.

Қоғамдық көмекшілердің тиімді жұмысының бір мысалы – қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген жергілікті тұрғынды ұстау. Инструктаж кезінде күдікті туралы бағдар берілген, кейіннен оның орналасқан жері туралы ақпарат түседі. Хабарламаны тексеру барысында іздеуде жүрген азамат ұсталып, қылмысқа қатысты тергеу амалдары басталды.

Айта кетерлік жайт, Павлодар облысының полициясы қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру