Павлодар облысында алкогольді заңсыз сатқан 18 дүкен иесі жауапқа тартылды
Павлодар облысында алкогольді заңсыз сатқан 18 дүкен иесі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері алкогольдік заңнаманы бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері спирттік ішімдік ішкен және мас күйінде қоғамдық орындарда жүргені үшін Павлодар облысының 1 550 тұрғынын ұстады, барлық тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– 14 наурызда сағат 11.35-те Баянауыл ауданының учаскелік полиция инспекторы рейд барысында Егіндібұлақ ауылындағы дүкенде алкоголь өнімін заңсыз сату фактісін анықтады. Дүкен иесіне қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігі (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері осындай бұзушылық жасаған 18 дүкен иесі жауапкершілікке тартылды.