Павлодар облысында анасымен жанжалдасқан мас тұрғын жауапқа тартылды
Павлодар облысында анасымен жанжалдасқан мас тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның тәртібіне ерекше талаптар белгілеуі мүмкін.
– Құқық бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қою әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы және әкімшілік жаза қолданумен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік жауаптылықтан босату кезінде де қолданылады, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өзіне қатысты ерекше талаптар белгіленген адамға: жәбірленушінің еркіне қарамастан, кәмелетке толмағандарды және оның отбасының әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, өзге де тәсілдермен іздестіруге, қудалауға, баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен байланысқа түсуге; атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға; психоактивті заттарды медициналық емес пайдалануға тыйым салынуы мүмкін.
Құқық бұзушының тәртібіне қойылатын ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған профилактикалық әңгімелесу үшін ІІО-ға келу міндеттері жүктелуі мүмкін.
Өзіне қатысты ерекше талаптар белгіленген адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылау жүзеге асырылады.
Мысалы, осы күндері сағат 18:00 шамасында Шарбақты ауданының 53 жастағы тұрғыны мас күйінде үйде отырып, анасымен жанжал шығарды, оның атына балағат сөздер айтты, осылайша оның тыныштығын бұзды. Анасы ұлының ерсі қылықтарына шыдай алмай, полицияға хабарлаған.
– Учаскелік полиция инспекторы шақыруға келгеннен кейін құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша әкімшілік материал толтырылды. Сот отбасылық дебоширге қатысты 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды. Сондай-ақ, оның тәртібіне 3 ай мерзімге, спирттік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу түрінде, ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде профилактикалық әңгімелесу үшін учаскелік полиция пунктіне келу міндетін жүктей отырып, ерекше талаптар белгіленді, – деп атап өтті полиция.
Бұл талаптар қайта құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында белгіленген. Полицейлер Павлодар полицейлерінің сот шешімімен осы жылы 569 бұзушының тәртібіне ерекше талаптар белгіленгенін, оның ішінде 530-ы спирттік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу түрінде белгіленгенін атап өтті.