Павлодар облысында "Әр үйге - наркологиялық тест" акциясы өтті
Ақсу қаласында "Әр үйге - наркологиялық тест" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласындағы Aqsu Mall сауда орталығында есірткі қолданудың алдын алу, оның қауіптілігін түсіндіру және жастар мен ересектер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында "Әр үйге – наркологиялық тест" атты әлеуметтік маңызы бар акция ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қала тұрғындарына есірткі құралдарын пайдалану мен таратқаны үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы мамандар тарапынан кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар медициналық сарапшылар тыйым салынған заттарды қолданудың адам денсаулығына тигізер зияны мен оның алдын алу жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Акция аясында Павлодар облыстық ЖИТС-тің алдын алу орталығының эпидемиолог көмекшісі, инфекционист Жұлдыз Кушкимбаева ерекше белсенділік танытып, қатысушыларға вирустың жұғу жолдары, қауіп факторлары және қазіргі заманғы қорғану тәсілдері туралы түсіндірді.
Шараның маңызды бағыттарының бірі — қала тұрғындары мен жастар арасында наркологиялық тесттен өтуге қатысты көзқарасты анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама болды. Ашық әрі еркін пікір алмасу үшін арнайы сұрақтар жәшігі орнатылып, кез келген азамат өз сауалын анонимді түрде қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Ең өзекті сұрақтарға жауаптар тікелей эфирде жарияланады.
Аталған акция Ақсу қаласының полиция бөлімі, прокуратурасы, ЖИТС орталығы, сондай-ақ қалалық ішкі саясат бөлімінің Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
