Павлодар облысында ардагерлер мен жас полицейлер бас қосты
Павлодар облысында ардагерлер мен жас полицейлер бас қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінде ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған тағылымды кездесу өтті. Жылы әрі достық атмосферада өткен бұл шараға ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас полиция қызметкерлері қатысты. Іс-шараның мақсаты – жас мамандарға ардагерлердің бай тәжірибесін үлгі ете отырып, кәсіби жолда бағыт-бағдар беру.
Кездесудің құрметті қонақтары – ішкі істер саласына сіңірген еңбектерімен ерекшеленетін ардагерлер: отставкадағы полковниктер Қалий Смагулов, Владимир Вязнюк, Азат Сейлханов және Павлодар аудандық ПБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Валерий Сенич болды. Сондай-ақ қызмет ардагерлері Рамазан Жүсіпов пен Қуат Қарабаев да шараға арнайы қатысты. Бұл азаматтардың әрқайсысының ішкі істер саласында жиырма жылдан астам қызмет өтілі бар.
Ардагерлер жас әріптестеріне қызмет жолындағы естеліктерімен бөлісіп, алғашқы ашқан қылмыстары мен қызықты сәттерді еске алды. Мәселен, Валерий Сенич учаскелік инспектор болып жүргенде мал ұрлығын ашқанын еске алып, кәсібіне деген адалдықтың маңызын ерекше атап өтті.
– Ұрлықтың өте шебер ұйымдастырылғаны соншалық, іздеуге мүмкіндік болмады. Бірақ жоғалған сиырды іздеуді тоқтатпадым. Бірде жолда көлік тоқтатып, ішінде отырған адамның қолындағы қанды көріп, күдіктеніп бөлімге жеткіздім. Тергеу нәтижесінде оның ұрлыққа қатысы бары анықталды, – деді ардагер.
Шара барысында ардагерлер зейнеткерлік жастағы құқық қорғаушыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесіне де тоқталып, ардагерлерге қамқорлық – қоғамның алғысы мен борышы екенін жеткізді.
Кездесудің ерекше сәті – ардагерлердің жас полицейлерге өз қолдарымен жазған тілектерін "уақыт капсуласына" салып, департамент музейіне қалдыруы болды. Бұл – кейінгі буынға жолданған рухани аманат.
– Құрметті жас әріптес! Әкең мен атаң, ІІМ ардагерлерінің даңқына лайық бол. Адал бол, пара алма. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың өмірін қорғауға әрдайым дайын бол, – деп жазды Қалий Смагулов.
Ал Владимир Вязнюк Аркадьевич өз тілегінде:
– Енді сен – билік өкілісің. Азаматтар мен мемлекеттің мүддесін қорғайсың. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қандай жағдай болса да, адал әрі принципшіл бол, – деді.
Кездесу соңында Валерий Сенич жас мамандарға ізгі тілегін білдіріп, аға ұрпақтың дәстүрін лайықты жалғастыруға шақырды.
– Әскери антқа адал болыңдар. Елге, халыққа адал қызмет етіңдер. Заңды біліп, талапқа сай болыңдар. Ең бастысы – жақсы жар, үлгілі әке, ұлттың тірегі болыңдар. Осы құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – сіздердің міндеттеріңіз, – деді ол.
Жас полиция қызметкерлері өз кезегінде ардагерлерге жүрекжарды алғыстарын білдіріп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері болашақтағы қызмет жолында темірқазық болатынын айтты.
Бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор болды. Ардагерлердің өнегелі жолы жас мамандарға Отан алдындағы борышын адал атқаруға, заң мен әділдікті ту етуге шақырды. Ұрпақтар сабақтастығы – ішкі істер органдарындағы қалыптасқан берік дәстүр екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.