Павлодар облысында ашық ұрлықтың 92 фактісі тіркелді
Павлодар облысы полиция қызметкерлерінің профилактикалық жұмыстарының арқасында биыл өңір аумағында тонау фактісі 43%-ға азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Егер өткен жылдың осы кезеңінде 161 факт тіркелген болса, биыл – 92. Тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық ұрлау 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не мүлкі тәркіленіп немесе онсыз сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мәселен, Павлодарлық жедел уәкілдер Қарағанды облысының 28 және 31 жастағы екі тұрғынын ұстады.
Анықталғандай, ұсталғандар Павлодар қаласындағы Бұқар жырау көшесіндегі дүкендердің бірінің жанында 44 жастағы павлодарлыққа тиесілі ақшалай қаражатты зорлық-зомбылықпен ашық түрде ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.