Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер 2 мыңға жуық автокөлікті сүйемелдеді

Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер 2 мыңға жуық автокөлікті сүйемелдеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында ауа райының күрт нашарлауына және көріну қашықтығының нөлге дейін төмендеуіне байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс уақытша жабылды.

– Бүгін таңертеңнен бастап барлық бағыттар бойынша полицейлер 860 жүк автокөлігін, 865 жеңіл автокөлікті және 13 автобусты қауіпсіз колоннамен сүйемелдеді. Колоннаға сапқа тұрғызу кезінде қызметкерлер жүргізушілерге ұйымдасқан түрде қозғалу тәртібін, белгіленген жылдамдық режимін сақтау және қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажеттігін түсіндірді. Полиция қызметкерлері төмен температура, қар мен боран жағдайында тәулік бойы қызмет атқарып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуде. Қолайсыз ауа райында жолда қалған азаматтарды полиция қызметкерлері үйлеріне дейін жеткізді, – дейді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.

Ауа райы мен жол жағдайының күрт нашарлау кезеңінде жедел әрі үйлесімді іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысымен шектесетін өңірлерде автожолдарды бір мезгілде жабу туралы шешім қабылданды.

Полицейлер жолаушылар тасымалдайтын көлік жүргізушілерін және қалааралық тасжолдарға шығатын азаматтарды ерекше сақ болуға шақырады. Жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану, маневр жасау ережелерін қатаң орындау, сондай-ақ ауа райының өзгерістерін бақылап, жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпау ұсынылады.

Ауылдық елді мекен тұрғындарына да қолайсыз ауа райы кезінде алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тарту ұсынылады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда "102" немесе "112" нөмірлері арқылы хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру