Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында балалардың қауіпсіздігі үшін 400-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылды

Павлодар облысында полиция қызметкерлері ата-аналардың өз міндеттерін тиісінше орындамауының 400-ден астам фактісін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өкінішке орай әрбір ата-ана өз балаларын тәрбиелеуде тиісті деңгейде жауапкершілік танытпайды. Бұл жерде алкогольді немесе есірткіні теріс пайдалану, ересектердің аморальдық мінез-құлқы, балаларға қатыгездік көрсету сияқты факторлар орын алуда, олардың барлығы кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Тек биылғы жылы 407 заңды өкіл өздерінің бала тәрбиелеу, білім беру, құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 334 әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы анықталып, профилактикалық есепке қойылды.

Мысалы Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне Мәскеу көшесінде орналасқан үйден қоңырау түсті. Бей-жай қарамайтын азаматтар бұл үйде төрт баланың ата-анасының қарауынсыз қалғанын хабарлаған.

Бұл мекенжай ювеналды полиция қызметкерлеріне бұрыннан таныс болған. Бір ай бұрын анасының балаларын дұрыс тәрбиелемеуі мәселесі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралған еді. Комиссия шешімімен заңды өкілге сынақ мерзімі беріліп, бір ай ішінде ол жағдайды түзетуге, алкогольдік ішімдіктерді тұтынбауға және бала тәрбиесімен айналысуға міндеттелді. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жаңа түскен ақпарат бойынша полиция қызметкерлері пәтерде орта дәрежедегі мас күйінде болған ана мен балаларды көрді. Бұл медициналық куәландырумен расталды. Заңды өкілге қатысты кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материал жинап, сотқа жіберілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар ауруханаға жатқызылып, емделіп шыққан соң, қаулы бойынша үлкен бала балаларды қолдау өңірлік орталығына, үш бала балалар үйіне орналастырылады.

Тәртіп сақшылары анасына бірнеше рет түзелуге және балаларын қолдау үшін дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бергенімен, өкінішке орай, алкогольге деген теріс әдеті осындай қайғылы салдарға әкелді.

Полиция аймақ тұрғындарына егер олар қиын өмірлік жағдайға тап болған, балаларын дұрыс тәрбиелемейтін немесе қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларды білсе, 102 нөміріне қоңырау шалу немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалану арқылы хабарлауды сұрайды. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру