Павлодарда балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Павлодар облысында балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық шаралар жүргізілуде. Ақсу қаласының полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда.
Іс-шара аясында тәртіп сақшылары тұрғындармен кездесіп, көпқабатты үйлерде рейдтер өткізіп, арнайы дайындалған жадынамалар таратты. Жадынамаларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті негізгі ережелер жазылған.
Полиция өкілдері ата-аналарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға және қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады. Терезеге орнатылған москит торлары құлаудан қорғай алмайтыны жиі ескерілмейді. Керісінше, олар жалған қауіпсіздік сезімін тудырып, қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін.
— Көптеген ата-аналар балаларына терезе алдында ойнауға рұқсат береді. Алайда салдары туралы ойлай бермейді. Балаға терезе алдында ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз. Сіз оның жанындамын, бақылап үлгеремін деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ бір секунд – бәрін өзгертеді. Бұл баланың өміріндегі соңғы сәт болуы әбден мүмкін. Балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау — заң алдында жауапкершілікке әкеледі, — деп атап өтті Ақсу қаласының ювеналды полиция инспекторы Қуан Рауангүл.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балконға және терезе маңына жиһаз қоймауға, терезені ашқанда баланы қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сонымен қатар балаларға балконға ересектердің қарауынсыз шығуға рұқсат беруге болмайды.
Аталған түсіндіру жұмыстары облыс көлемінде жалғасады. Полицияның басты мақсаты — балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қайғылы жағдайлардың алдын алу.