Павлодар облысында биыл 500-ге жуық жанжалқойға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды
Павлодар облысында биыл 500-ге жуық жанжалқойға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген 2307 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, оларды бұзғаны үшін 157 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның өтініші бойынша сот құқық бұзушылардың мінез-құлқына 570 ерекше талап қойды, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салуға – 478. Екі мыңнан астам қорғаныс ұйғарымдары отбасылық жанжалқойларға қойылды. Қорғаныс ұйғарымы нақты қауіп төнген кезде, егер жақын адамыңыз (күйеуі, бұрынғы күйеуі, азаматтық жұбайы) жақын туыстарыңыз сізді қорлайтын сөздер айтып, ұрып-соғып, айқайлап, балаларды ұрып-соғып жатса, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шығарылатын маңызды құжат.
Мысалы, полицияға Павлодар қаласының тұрғыны мас күйде үйде жанжал шығарған ұлына қатысты шаралар қабылдау туралы өтініш білдірді. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін отбасылық дебошир 30 тәулікке қорғау нұсқамасы шығарыла отырып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, сот бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қойды.
– Мінез-құлыққа ерекше талаптар қою әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады. Жыл басынан бері сот полицияның өтініші бойынша 570 ерекше талап қойды. Бұл адамдар профилактикалық есепке қойылады және оларға профилактикалық бақылау жүзеге асырылады. Ерекше талаптарды бұзу 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуға, 20 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады, – деп атап өтті спикер.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін үнсіз қалдыру аса ауыр қылмыстар тудыруы мүмкін. Егер сіз заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бұл туралы дереу полицияға «102» телефоны арқылы хабарлаңыз немесе «police 102» мобильді қосымшасын арқылы хабарлаңыз, – деп еске салды полиция.