Павлодар облысында биыл мотоциклдің қатысуымен 31 ЖКО тіркелді
Павлодар облысында биыл мотоциклдің қатысуымен 31 ЖКО тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы кезеңнің басталуымен облыс жолдарында микромобильді көлікті пайдаланушылар саны артты. Кейбір жүргізушілер қарапайым жол жүру ережелерін білмей, қажетті негізгі білімі мен жүргізу дағдылары жоқ жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығып кеткеннің салдарынан апатты жағдайға ұшырайды.
– Павлодар қаласында полиция түрлі бұзушылықтар үшін 241 мотоциклді: скутерлерді, мопедтер мен мотоциклдерді ұстады және арнайы тұраққа қойды. Жалпы саннан 61 жүргізуші кәмелетке толмаған. 162 микромобиль көлігінің жүргізушілері жол жүру ережелерін бұзу, жолаушыларды тасымалдау, маневр жасау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, жүргізуге құқығы жоқ адамның мотор көлігін жүргізу және мас күйінде жүргізу сияқты заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Кәмелетке толмағандарға қатысты материалдар жасөспірімдермен де, ата-аналармен де профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін ювеналды полицияға берілді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ЖЖЕ бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, ең алдымен, микромобильді көлікті пайдалану бөлігінде заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған пысықтау жүргізіліп жатыр.
Павлодар облысында осы жылы мотоциклдің қатысуымен 31 ЖКО тіркелгенін, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 16 адам жарақат алғанын атап өтті. Павлодар қаласында 4 ЖКО тіркелді.