Павлодар облысында боранда полицейлер 400-ден астам көлікке жол көрсетті
Павлодар облысында боранда полицейлер 400-ден астам көлікке жол көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында ауа райының нашарлауына байланысты бірқатар шектеу енгізіліп, барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.
– Бүгін жолдарда жиналған көліктерді қолдау үшін патрульдік полиция бөлімшелері ұйымдастырылған. Көліктерді колоннаға тұрғызған кезде полицейлер жүргізушілерге колоннада жүру ережелерін, белгіленген жылдамдық режимін және интервал сақтаудың маңызын түсіндіреді. Патрульдік полицейлер көлік колонналарын қалыптастырып, олардың жол бойындағы қозғалысын қамтамасыз етуді жалғастыруда, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.
Жол қызметтері мен ішкі істер органдарының жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысына қарасты және көршілес аймақтарға баратын автожолдарды ауа райы мен жол жағдайлары нашарлаған кезде бір мезгілде жабу шешімі қабылданды.
Полиция барлық жүргізушіні аса сақ болуға және көлікті алдын ала дайындауға шақырады.
Ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға аязды немесе боранды ауа райында ұзақ жаяу жүруден бас тарту ұсынылады. Төтенше жағдайға тап болсаңыз, "102" арнасына немесе "112" бірыңғай құтқару қызметіне хабарласыңыз.
