Павлодар облысында боранда қалған жұмысшылар көмек берген полицейлерге алғыс айтты
Павлодар облысында боранда қалған жұмысшылар көмек берген полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысындағы "ПавлодарСоль" зауытының 13 жұмысшысы қар құрсауында қалып қойды.
Жұмысшылар іссапарда болған. Сағат шамамен 23:00-де үйлеріне қайту үшін жолға шыққанымен, Екібастұз өңіріндегі Солнечный кентінің маңында көліктері қарға батып, жолда қалып қойған. Сол сәтте олар бірден 102 нөміріне хабарласқан.
Хабар түскеннен кейін Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері дереу көрсетілген жерге барып, жұмысшыларды құтқарып, Солнечный кентіндегі №16 орта мектепте орналасқан жылыту пунктіне жеткізді.
Барлық жұмысшыларға қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үсік шалу белгілеріне тексерілді. Сонымен қатар оларға тамақ беріліп, демалуға арналған орындар ұйымдастырылды.
Жұмысшылар полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың жедел әрекетінің арқасында қиын ауа райы жағдайында ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туғанын атап өтті.
— Бізге көмектескен барлық адамдарға үлкен алғыс айтамыз. Осындай қиын жағдайда жедел әрекет етіп, бізге көңіл бөліп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризамыз. Полицияның көмегінсіз мұндай аяз бен ауыр жағдайды еңсеру өте қиын болар еді. Қамқорлықтарыңыз бен көмектеріңіз үшін рахмет! — деді жұмысшылар.
