Павлодар облысында бостандыққа шыққан азаматтарға арналған "Қақпадағы кездесу" акциясы өтті
Павлодар облысында бостандыққа шыққан азаматтарға арналған "Қақпадағы кездесу" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанның барлық қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде "Қақпада кездесу" атты әлеуметтік маңызы зор акция өткізілуде. Бұл бастама – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың өмірге қайта бейімделуіне қолдау көрсету және қылмыстың қайталануын болдырмау мақсатында қолға алынған.
Сотталған азамат бостандыққа шыққан күні оған арнайы қолдау тобы келіп, алғашқы кеңес пен көмек көрсетеді. Олардың қатарында жергілікті атқарушы органдардың, пробация қызметінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен туыстары бар. Мекеме әкімшілігімен бірлесе отырып, бостандыққа шыққан азаматқа құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бейімделу жолындағы алғашқы қадамдар нұсқалады.
Акция аясында Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №47 мекемесінде де игі шара өтті. Екібастұз қаласынан келген туыстары бостандыққа шыққан азаматты қуанышпен қарсы алып, жаңа өмір бастауына қолдау көрсетті. Сондай-ақ жергілікті органдар мен ҮЕҰ өкілдері тарапынан құқықтық көмек ұсынылды.
"Қақпада кездесу" – бостандыққа шыққан азаматтың қоғамға қайта оралуына бағытталған маңызды әрі ізгілікті қадам. Бұл – жақындардың құшағы, сенім мен үмітке толы жүздер және жаңа өмірге жол ашар алғашқы мүмкіндік.