Павлодар облысында екі көлік соқтығысты: адам шығыны бар
Павлодар облысында көктайғақ салдарынан екі көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қарашада сағат 10.40 шамасында Павлодар-Успенка-РФ шекарасы автожолының 72 шақырымында ВАЗ-21074 маркалы автокөлігінің 70 жастағы жүргізушісі көктайғақ жағдайында қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, Volkswagen Passat автокөлігімен соқтығысты.
– Жол-көлік оқиғасының салдарынан ВАЗ-21074 автокөлігінің жүргізушісі мен 70 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Volkswagen Passat автокөлігінің 49 жастағы жүргізушісі мен 19 жастағы жолаушысы жарақатпен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция аталған жол-көлік оқиғасы себептерінің бірі «Қазақавтожол» ЖШС ұйымының қарды тазалау бойынша жұмысты тиісті ұйымдастырмауынан болуы мүмкін екенін атап өтті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде осы автожолға қызмет көрсететін ұйымды жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралуда.