Павлодар облысында екі жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды
Павлодар облысында екі жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы отбасылар бойынша рейдті полиция, прокуратура және білім қызметкерлері жүргізді. Нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар анықталды.
– Мысалы 40 жастағы анасы мен 49 жастағы әкесі кәмелетке толмаған екі баланы тәрбиелеуден қашқан. Тексеру кезінде үй таза емес, балалардың толық тұруы мен оқуы үшін жағдайлар жасалмағаны көрінді. Сонымен қатар екеуі де ұзақ уақыт бойы алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланған, өз баспанасы жоқ.
Осыған байланысты, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды, материал сотқа жіберілді, – дейді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ата-аналардың тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның отырысында қаралды, онда ата-аналардың 6 ай мерзімге құқықтарын шектеу туралы шешім қабылданды. Білім беру органдары материалды сотқа дайындайды.
Полиция қорғаншылық органдарымен бірлесіп, 11 және 12 жастағы екі баланы мемлекеттік мекемеге Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырды.
Полиция тек Ақсу өңірі бойынша жыл басынан бері 42 заңды өкіл жазаланғанын, әрқайсысының тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік комиссияда қаралғанын атап өтті.