Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында есірткі әсерінен жасалатын қылмыстар 20%-ға азайды

Биыл Павлодар облысында полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарының 248 дерегін әшкерелеп, заңсыз айналымға қатысы бар 56 адамды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жалпы салмағы 420 келіден астам түрлі есірткі және психотроптық заттар, соның ішінде 16 келі синтетикалық есірткі тәркіленген. 

Еліміздің 10 өңірінде жүргізілген «Қарасора» жедел алдын алу шарасы барысында есірткі таратумен айналысқан «SilkWay» интернет-дүкенінің қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында құрамында каннабис сығындысы мен хэш майы бар 3500 капсула тәркіленіп, каннабис негізіндегі синтетикалық есірткі мен психоактивті заттарды өндіретін үш зертхананың жұмысы тоқтатылды.

Сонымен қатар қыркүйек айында Екібастұз қаласында анықталған нарколабораториядан 20 байлам синтетикалық психотроптық зат тәркіленді.

Есірткі заттарының әсерімен жасалатын қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға азайған. Осы жылы мұндай 67 қылмыстық іс сотқа жолданып, 66 электрондық ресурстарды пайдалану арқылы жасалған құқықбұзушылық тергелді.

Заманауи интернет-технологиялардың кеңінен таралуын ескере отырып, полиция есірткі жарнамасына қарсы күреске ерекше назар аударып келеді. «Кибербақылау» жүйесі арқылы 100 заңсыз материалға қол жеткізу шектеліп, «OLX» платформасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 115-тен астам жарияланым жойылды. Бұл материалдар бірнеше мыңнан бастап миллионға дейінгі аудиторияны қамтыған. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер ерекше осал топ ретінде қарастырылуда.

Жүргізілген жұмыстардың арқасында интернеттегі есірткі таратумен байланысты кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартудың үш дерегі тоқтатылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру