Павлодар облысында есірткіге қарсы айлық іс-шара басталды
Ақсу қаласында есірткіге қарсы айлық шара басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақсу қаласында есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күніне арналған айлық іс-шара өз бастауын алды.
Ашылу салтанаты мерекелік форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шара барысында балалар шығармашылығы байқауы өтті. Онда жас жеткіншектер есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
Акция шеңберінде қала аумағында есірткі заттарын насихаттайтын граффити жазуларды анықтап, жоюға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындар арасында есірткі айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Айлық аясында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында жастармен профилактикалық кездесулер, тақырыптық дәрістер, семинарлар мен бірқатар рейдтер өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар есірткінің зияны туралы халықты кеңінен хабардар етуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.