Павлодар облысында иесіз жайылған мыңға жуық малдың иелеріне шара қолданылды
Павлодар облысында мыңға жуық мал иесі жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жаю мәселесі әлі де өзекті. Жыл бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселе тек тәртіп бұзушылықпен шектелмейді — кей жағдайда адам өміріне қауіп төндіретін жол-көлік оқиғаларына немесе мал ұрлығына себеп болады.
Жауапсыз мал иелері үшін бұл әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғуда. Мәселен, Май ауданында 2024 жылдың басынан бері 70 мал иесі жауапқа тартылған. Аудан аумағында қараусыз жүрген 148 бас мал арнайы уақытша мал тұрақтарына қамалған. Өкінішке қарай, бұл жағдайлар жол-көлік апаттарына да себеп болуда.
— Жыл басынан бері қараусыз жайылып жүрген малдың қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Солардың бірі Атамекен – Курчатов бағытындағы автожолда болған. Түнгі мезгілде автокөлік жүргізушісі жол бойында жүрген жылқымен соқтығысты. Абырой болғанда жүргізуші мен жолаушылар аман қалды. Қазір полиция аталған малдың иесін анықтап, заң аясында жауапкершілікке тарту шараларын қолға алды. Сонымен қатар көлік иесі келтірілген шығын бойынша азаматтық сотқа жүгіну құқығына ие, – деді Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Ринат Сартов.
Полиция қызметкерлері мал иелерін өз жауапкершіліктеріне мұқият қарауға шақырады. Ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жіберу – ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік әрі азаматтық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Жануарлар тек бақташының қарауында немесе арнайы қоршалған аумақта бағылуы тиіс. Әсіресе елді мекендер мен автожолдарға жақын маңда малдың қараусыз жүруі — жазатайым жағдайлардың басты себебі.
Сонымен қатар түнгі уақытта мал міндетті түрде қорада немесе арнайы орындарда ұсталуы қажет. Бұл — тек малдың амандығы үшін емес, жол қозғалысына қатысатын барлық азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Жол бойында қараусыз жүрген мал — кездейсоқтық емес, немқұрайлылықтың салдары. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездесіп, кейде орны толмас қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Сондықтан полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады.